Қанапин Серік Аллажарұлы,
тарих пәні мұғалімі
Қазіргі Жаңарқа ауданының «Шажағай» деген жерінде Алтай руының бір тарауы Алсай деген ру бар. Сол Алсай руынан шыққан Қосшығұлдың баласы Баймұхамед (Байкөп) әкеден жетім қалғаннан кейін Мақсұт деген азаматпен бірлесіп, XIX ғ.б. кезіңде Ақмолада пайда болған орыс, татар көпестеріне жалданады. Мақсұт Байкөптің пысықтығына қызығып, қызы Мадинаны қалыңсыз әйелдікке беріп, өз қолымен ұзатады. Байкөп пен Мадина екеуінен Құрманғалы, Мүкем, Нүкей (Нұрқай), Уәли, Бике, Қадіркей атты алты ұл, Райхан атты жалғыз қыз туған. Қала тұрғындарының көргені де, есіңде қалғаны да бертінге дейін тұрған, өте көркем, тастан қаланған Байкөптің кәмпит фабрикасының үйі. Бұл үйде кейінгі кезде осы өңірдің газеттерін, іс қағаздарын шығарып тұратын баспахана орналасқан. Бір баласына салған өте әдемі үйде қазіргі «Дом Быта» орналасқан. Үлкен баласына салған үйге, кеңес үкіметі кейін өздерінің сот кеңесін орналастырды. Өз үйі «Заря» кинотеатрының жанында, ал үлкен баласына деп салған үйі қазіргі «Астана» дүкенінің орнында болған екен. Бір
кездері қаптаған көк дүкендері бар қаланың ортасында сауда базары болғанын ежелгі Ақмоланың тұрғындары жақсы біледі. Сол көк дүкендердің біразының иесі осы Баймұхамед Қосшығұлов екен. Қала келбетінің жаңаруына байланысты көптеген ғиамараттар бұзылды. Тек қана тарихтың куәсі болып, балдызы Кәрімге салып берген Қазақ көшесіндегі 7-ші нөмірлі үй ғана бар. Осыншама байлықтың иесі Баймұхамед Қосшығұлов сол тұстағы қызылдар өкіметінің қанды шеңгеліне ілікпей, 1918 жылы оба ауруынан қайтыс болып, қазіргі қаланың ортасындағы мұсылмандар зиратына жерленген.
Қосшығұлов салдырған үйлерден, әзірше, тарихқа куә болып тұрған Қазақ көшесіндегі үйге қатысты әңгімелер де көп. Бұл үйге 1918 жылы жазда ақтар келіп, қызылдар үкіметі құлаған шақта Сәкен Сейфуллин бірде шатырда, бірде жертөледе тығылып, жан сақтаған. Байкөптің маңайындағы жақындарына үй салғызып беріп, қамқор болғанына қарағанда, сондайлық қанаушы, қайрымсыз болмағаны байқалады. Өзі жетім өсіп, өз
еңбегімен байыған адам олай болуы мүмкін емес те ғой.
Байкөп өзі дүниеден ертерек кетсе де, балаларының барлығы да қуғын-сүргінге ұшыраған. Ақмола облыстық мұрағатында Байкөптің Нұрқай деген бір баласы жайында құжаттар тігіндісі сақталған.
Ақмолаға ең бірінші американдық «Форд» жеңіл машинасын әкелген де осы Қосшығұлов.