Ақмола облысы білім басқармасының Целиноград ауданы білім бөлімі Ақмол ауылының жалпы орта білім беретін мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Общеобразовательная школа села Акмол отдела образования по Целиноградскому району управления образования Акмолинской области"

Біз әлеуметтік желідеміз

Мектеп директорының блогы

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

"Мың бала" жобасы бойынша атқарылған жұмыстар есебі

27.02.2017

         Мектебімізде игілікті "Мың бала" жобасы аясында бірқатар шаралар атқарылды. Атқарылған шаралардың мәнді де маңызды бөлігі ретінде Отанымыздың Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған шараларды атауға болады. Ағымдағы оқу жылының желтоқсан айында "Мың бала" жобасы аясында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған іс-шаралар тізбегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Р.Р.Үсенованың жетекшілігімен 11- сынып оқушыларымен өткізілген «Тәуелсіздік тұғыры биік болсын» тақырыбындағы эсселер байқауынан басталды. Оқушылар эселерінде туған жерге, атамекеніміз Қазақстанға деген сүйіспеншіліктерін, өз ойларын,  сезімдерін  патриоттық тұрғыда жеткізді.  Оқушылардың ішінде өте сауатты, мазмұнды,  терең  оймен  жазылған жұмыстар көп  болды,  Атап айтқанда,  Идрисова Дәмелі,  Насырова Анара, Дауирова Альбина  сынды оқушыларымыздың жұмыстары  жоғары мазмұнымен  ерекшеленді.

 

         Ел  Тәуелсізідігіне  арналған  имерекелік іс-шаралардың тізбегі  қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Айдосова Б.Е.  8 «ә» сыныбымен  «Тәуелсіздік тірегі - білімді ұрпақ» атты интеллектуалдық ойын-сайыс сабағымен жалғасты. Бұл іс-шараның мақсаты: оқушылардың ел тарихын, әдебиетін, ана  тілін,  ұлтымыздың өнерін қаншалықты білетіндіктерін анықтау. Оқушылар бұл интеллектуалдық ойында қазақ тілі, әдебиет, тарих, спорт салалары бойынша өз білімдерін жете көрсете білді. Тәуелсіз еліміздің тірегі,  болашағы білімде екендігінде екендігін оқушылар ойларына түйе білді.

 

 

         «Мың бала»  жобасының  жұмысынан  бастауыш сынып мұғалімдері де қалыс қалған жоқ.  Бастауыш сыныптар оқушылары  қатысқан   «Біз – бақытты ел ұланы»  атты  қолөнер  көрмесі  ұйымдастырылды. Оқушылар өздерінің елге, туған жерге деген құрметтерін қылқаламның көмегімен көрсете білді. Көрмеге оқушылар зор ықыласпен, қызығушылықпен  қатысты. Осы  орайда,  түрлі  бағыттар  мен  тақырыптарды  қамтитын  суреттер мен  қол  өнер көрмелері  бастауыш сынып оқушылары арасында түрлі тақырыптарда жиі ұйымдастырылып тұратынын  айта  кету  керек.

 

Сонымен қатар, 2 «д» сынып оқушыларымен Толеубай Гүлшат Мейрамханқызының жетекшілігімен  «Егеменмін, Азатпын, Тәуелсізбін» атты тәрбие сағаты өткізілді. Тәрбие сағатының мақсаты: оқушыларға тәуелсіздік ұғымын түсіндіру, тәуелсіздіктің тарихын ұғындыру және қол жеткен жетістіктерімен таныстыру. Оқушыларға Тәуелсіздіктің 25 жыл шежіресінен түсінік беріліп, таныстырылды.  Оқушылар үш тілде  еліміз, Отан, ынтымақ, бірлік, халықтар достығы туралы өлең шумақтарын оқып,  көріністер  көрсетті.

6 «а» сынып оқушыларымен  Бекимова Қ.М. «Тәуелсіздік таңы» атты  тәрбие сағатын өткізді. Мұғалім  оқушыларды қазақ  халқының  тәуелсіздік жолындағы ерлік күресімен, еліміздің Тәуелсіздік  жылдары  қол жеткен жетістіктерімен таныстыра келіп, талай қиыншылықпен қол жеткізген тәуелсіздігімізді құрметтей, қастерлей білуге, еліміздің келешегі нұрлы болуы болашақ ұрпақтың қолында екендігін ұғындырды. Тәрбие сағаты  барысында  топтық сайыс арқылы оқушылар бірнеше бөлімдерді қамтып,  жан-жақты мәліметтер алды. Атап айтсақ, «Тарихқа шолу»,  «Желтоқсан жаңғырығы»,  «Тәуелсіздік жолында»,  «Гүлденген Қазақстан» бөлімдері  арқылы көп мәлімет алды.

 

         «Мың  бала»  жобасының  «Асыл сөз мектебі» бөлімі бойынша шешендік өнердің қадір-қасиетін, соның ішінде, Жиренше шешенннің қазақ қоғамындағы ролін айқындау  мақсатында 5 сыныптар оқушылары арасында желтоқсанның 13 күні «Жиреншенің шешендігі»  атты тақырыпта  Ф.Д.Тәттібаеваның жетекшілігімен  «Әдеби  салон» өткізілді.  Шараның мақсаты   оқушыларды шешендік өнерге баулуға, сөз құдіретін түсінуге, Жиренше шешеннің образын сомдау арқылы, оқушылардың өздерін жан-жақты ізденуге, дұрыс ойлап, жүйелі сөйлеуге бағытталды.

Бұл  «Әдеби  салон»  үш  бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде 5 сыныптар аралығында Жиреншенің шешендігі жайлы аңыздардан көрініс қойылды. Екінші кезең бойынша, оқушылар шешендік сөздердің, афоризмдердің мән-мағынасын ашып, оларға түсініктеме берді. Үшінші кезеңде шешендік өнерге байланысты сұрақтар қойылып, оқушылар кезегімен жауап берді.

Қазақтың шешендік өнері – атадан  балаға  мирас болып, алтын баулы желісі үзілмей келе жатқан ардақты өнер. Теңіз тербеп, тереңінде шайқалған інжу-маржандай ғасырлар бойы халық жадында сақталып,  көптің көкейіне орнаған шешендік сөздер шешендердің даналық сөздерінде ашылады, айқындалады. Тәуелсіздік тұғырында ел бостандығын аңсап өткен ата-бабамыздың електен өткен ұлы сөздерінің мағынасын, тәрбиелік мәнін  бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізу мақсатында  өткізілген  іс-шара  жоғары  деңгейде өтті.  Оқушылар аталған  іс-шарада сахна мәдениетін, сөйлеу мәдениетін, шешендік сөздің құдіретін түсіне  алды  және  Жиреншенің  образын сомдау арқылы  көрермендерге  түсіндіре  алды. Оқушылар өз білімдерімен қатар өнерлерін көрсетіп, шығармашылық қабілеттері артты. Оқушылар  осы шараға  жақсы  атсалысып, белсенді қатысқандары  үшін  Алғыс  хаттармен, мадақтамалармен  марапатталды.

 

«Мың  бала»  жобасының  «Тиімді тілдік орта»  бөлімі бойынша  М.А. Түркешованың  ұйымдастыруымен       «Қызға қырық үйден тыйым» атты тәрбие сағаты  өткізілді. Аталмыш тәрбие сағатының мақсаты:  қазақ қыздарының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай, халқының  әдет-ғұрпына  сай  әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік,  сұлулық сияқты жан-жақты жақсы қасиеттерді  насихаттау,  оқушылардың ойлау,  танымдық  қабілеттерін дамыту.  Осы орайда, тәрбие  сағатында  қыз  деген сөздің қасиеті жайында  сөз  етілді. Қазақ халқы “қыз” деген сөздің өзін әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп танығандығы түсіндірілді.

«Қазақи  дәстүрге сай  жаңа келін болып түскен жеңгелері қайынсіңілілерін, қайынінілерін атымен атамай, ”Еркежан”,”Шырайлым” деп еркелеткен. «Қыз өссе - елдің көркі, гүл өссе - жердің көркі»  дегендей, қызғалдақ болып өсіп, көктеп келе жатқан гүлдің мезгілсіз солып қалмауы үшін қызға  ерекше қамқорлық  жасаған.   Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді - тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын  немересіне, шөбересіне  жеткізуші, дамытушы, әрине – әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да,  ұйымдастыратын  да әйел-ана,  яғни  болашак  ана  сіздерсіздер», - деп оқушыларға астарлы ой қалдырған  мектебіміздің директордың  тәрбие  істері  бойынша  орынбасары  Қ.С.Қанапина  қыздардың  назарына  қыз баланың тәрбиесі жайында  бейне материал  ұсынды.  Қыз балалардың жеке гигиенасы жайында мектебіміздің медбикесі Роза Сақтағанқызы сөз қозғап,  қыз баланың үнемі таза жүруінің  маңызы  туралы  пайдалы  деректер  мен  тағылымды  кеңестер  берді.

Мектебімізді  психологы  Кажикова  Р.Е. кейінгі жылдары  қазақ  қыздары  арасында  белең  алған   темекі шегу, ішімдік ішу, жеңіл жүріс, көпшілік ортада өзін-өзі ұстау этикасын білмеу  сияқты  жат  қылықтардың  себептері 

мен  салдарын өз  әңгімесіне  арқау  етті. Аталған  іс-шараға  қатысқан  қыздар  тақырыпқа сай  өз  пікірлерімен  бөлісті.

Қаңтар айында «Мың  бала»  жобасы  аясында  «Батырлар жыры – мәңгілік  мұра» атты әдеби іс-шара өткізілді.  Бұл іс-шара қазақ тіл мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Туркешова М.А. ұйымдастыруымен жақсы деңгейде өтті. Оқушылар батырлар жырындағы кейіпкерлер бейнесін сахнада шебер көрсете білді. Атап айтсақ, 9 «а» сынып оқушысы Ерболатов Ерсұлтан. 10 «ә» сынып оқушысы Бегалин Әділбек сынды оқушылар өздерінің өнерлерімен көрерменді тәнті етті.

 

Ақпан айында 6-7 сыныптар аралығында қазақ  тілі  мен  әдебиеті  пәні  мұғалімі А.С Баймурзинаның ұйымдастыруымен   «Үш тіл –тұғырым» атты интелектуалдық  ойын өткізілді. Оқушылар өздерінің үш тілді қаншалықты меңгергендерін  ойынның  түрлі  бөлімдерінде көрсете білді. Мысалы, Исламбекова  Закира  өзінің ағылшын  тіліне  жетіктігін, Төрежанова  Әсел орыс тілі  бойынша  алғырлықтарын  жақсы  деңгейде  көрсетті.

Сонымен қатар, ақпан айында мектебімізде қазақ тілі және әдебиет пәндерінің ұстаздары жетекшілік еткен «Ғасыр ақыны» атты әдеби-сазды кеш өтті. Бұл кеш ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналды. Құлақтан кірген ән көңілімізді тербетсе, жүректен шыққан өлең жанымызды жадыратты.  Кеште өнер көрсеткен оқушылар Мұқағали атамыздың қара сөзбен көмкерілген өлеңдерін нақышына келтіре орындағанда, көрермендерді елең еткізбей қоймады.Бұл әдеби кешке  5 – 11 сынып аралығындағы оқушылар белсенді қатысты. Ақынның сөзіне жазылған әсем әндер де орындалып, сазды күйлер де шертіліп, көрермен жүрегіне жол тауып жатты.  Ақынның   “Сарыжайлау ”,  “Атамекен”, ”Наурыз”, “Бақыт деген” әндерін біздің жас әнші – бұлбұлдарымыз керемет орынды. Ақынның  астарлы ой түйіндеген “Аққулар ұйықтағанда” поэмасы көрінісін шебер көрсеткен   оқушылар көрермендерді поэзия әлемінің тұңғиығынан сусындатқандай болды.

 

 

 

Ұлттық өнерді, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыптарды, ұлттық ойындарды оқушылар арасында насихаттау мақсатында Р.Р. Үсенованың  ұйымдастыруымен «Алтын сақа» ойыны  5-6сынып ұлдары  аралығында  өтті. Осы ойында 6 «а» сынып оқушысы Сағындықов Ерназар, 5 «а» сынып оқушысы Данияр Ерсұлтан  өздерінің  асық ойнаудағы шеберліктерін өте жоғары көрсетті. Бұл іс-шарада тек қана асық ойыны емес, сонымен қатар, аударыспақ, қол күрес, арқан тартыс сынды ұлттық ойындар ойнатылып, ер балалар өздерінің қызығушылықтарын танытты.

Мектебімізде "Мың бала" жобасы бойынша атқарылатын игілікті іс-шаралар әрі қарай жалғасын табады. 

Просмотров: 1421


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст