Мейірімді болса жүрек – орындалар тілек
Мақсаты: Мұғалімдердің педагогиканың ұйытқысы ретінде нәтижеге бағытталған білім беру іскерліктерін дамыту және мұғалімнің өз кәсібіне деген ынтасын арттыру
Міндеті: Мұғалімнің эмоциялық көңіл-күйлерін көтеру, өзіне деген сенімділігін арттыру, топтасып жұмыс істеу жүйесін дамыту, шапшаңдықты, шығармашылықты, мүмкіндіктерін бағалау, ойлау қабілеттерін анықтап, бағамдау.
Түрі: Психологиялық тренинг сағаты
Әдісі: Топтық жұмыс, сұрақ-жауап, мимикамен түсіндіру, аппликация, ой бөлісу және пікір алмасу.
Көрнекілігі: Плакаттар, маркерлер, компьютер, интерактивті тақта, жеміс суреттері, смайликтер, қобдиша, А4, А3 қағаздары
Топ ережесі:
1. Белсенділік таныту
2. Бірігіп жұмыс істеу
3. Бір-біріне кедергі келтірмеу
4. Өз ойын ашық айту
5. Пайдалы нәрсені алу
6. Әріптестермен жақсы қарым-қатынаста болу
7. Өзін еркін ұстау
Кіріспе сөз: Сәлеметсіздерме, құрметті мұғалімдер! Бүгін сіздерді психикалық көңіл-күйлеріңізді көтеруге, өз бойларыңыздағы шығармашылық қабілеттеріңізді бағалай білуге, өзіңізге құрметпен қарауға, бір-бірімізбен сыйластық қарым-қатынаста болуға арналған «Мейірімді болса жүрек – орындалар тілек» тренинг сағатына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын. Құрметті әріптестер, алдағы көктем айларымен бірлесе келе жатқан 8 наурыз халықаралық әйелдер күні және 22 наурыз Жаңа жыл мерекелерімен шын жүректен құтықтаймын!
I. Ұйымдастыру кезеңі:
«Шаттық шеңбері»
Қатысушылардың бәрін шеңберге шақырамыз.
«Амандасу тренингі»
«Жан жылуы» жаттығуы: Қатысушылар қолдарынан ұстап, бір-біріне төмендегі сөздерді хормен айтады.
Мен сенен жылу аламын (сол жағына қарайды)
Жүрегіме саламын (тура қарайды)
Досыма сыйлаймын (оңға қарайды)
Сәттілік тілеймін (тура қарайды)
«Сиқырлы қобдиша» жаттығуы: Қобдишаны бір-біріңіздің қолдарыңызға кезектесіп бересіздер, қобдишаны алған адам оны ашып ішіне қарайды. Оның ішінде сіздерге арналған сиқырлы сөйлем бар. /Қобдишаға жазылған сөйлем «Сіз – ғажап адамсыз»/
Талдау:
- Сиқырлы сөйлемді оқығаннан кейінгі әсеріңіз?
- Қобдишаның ішінен қандай құпия күттіңіз?
- Демек, біз, сіз, әрбір адам өз алдына керемет ғажап жандар екен. Ендеше, сіздердің «Сиқырлы қобдишадан» күткен құпия сырларыңыз сияқты, мен сіздермен құпия ойындар мен тапсырмаларға толы тренингімізді бастаймын.
«Жемістер жинау» жаттығуы: Құрметті әріптестер, қазір сіздер мына жемістерден өздеріңіз қалағанын алып, себеттерге саласыздар. Таңдаған жемістеріңізге байланысты үш топқа бөлінеміз, әр топ өздеріне ат қояды, топбасын сайланады.
II. Негізгі бөлім
«Моншақ» жаттығуы: 3 топқа да алдын ала стол үстіне 3 ине мен жіп беріледі)
Тренер сөзі: Менің қолымдағы моншақтан өздеріңіз қалағандарыңызша алыңыздар. Енді алған моншақтың санына қарай есіміңізді атай отырып, жақсы қасиеттеріңізді дауыстап атап, моншақтарды жіпке тізіңіз. Мысалы, «Мен Мадияр – ақылдымын». Нәтижесінде, әр топ өздеріне моншақ тізбегін жасап алады.
Талдау: Бойыңыздағы жақсы қасиеттерді атай отырып, сіздер бір-біріңізді жақынырақ таныдыңыздар деп ойлаймын. Бір-бірімізге қол соғып, қошеметтеп қоямыз. Рахмет, келесі тапсырмаға көшеміз.
«Суреттегі ой» жаттығуы: Экраннан 3 топқа бөлінген суреттер көрсетіледі. Экрандағы суреттерге байланысты әр топ өз ойларын айтып, ой бөліседі.
№1тапсырма: Ақ қағазға салынған төртбұрыш ішінде қара нүкте орналасқан сурет
Мұғалімдер ойларымен бөліседі.
Талдау: Ақ кеңістік ортасындағы қара нүкте алғаш дүниеге келгенде баланы білдіреді. Сол қағазға ата-анасымен біздердің мейірімділікпен салған бейнеміз қаншалықты дұрыс болса, нәтиже соншалықты жақсы болады.
№2 тапсырма: Күн шуағының астында әр ұлт балалары ту ұстап тұрған сюжет бейнелеген сурет
Мұғалімдер ойларымен бөліседі.
Талдау: Ұлттары әр түрлі болғанымен, бұл балалардың жан дүниесі бірдей, сондықтан мұғалімдер оларға күн сәулесіндей бірдей мейірім шуағын төгеді.
№ 3-тапсырма: Біреуді нұсқап тұрған сұқ саусақты бейнеленген сурет ұсынылады.
Мұғалімдер ойларымен бөліседі.
Талдау: Біз сұқ саусағымызбен өзгені көретіп тұрғанда, өзге үш саусағымызбен өзімізді көрсетекенімізді аңғара бермейміз. Ендеше, біз әлдекімді кінәләғанда, өзіміздің кінәміз бар ма, жоқ па, осы жағына көңіл бөлуіміз қажет. Кінәні өзгеден емес, өзімізден іздейік. Сіздердің жауаптарыңыз да керемет болды, рахмет! Енді, арнайы сіздерге тағы бір сурет көрсетіледі бұл тапсырманы топта орындау керек.
4-тапсырма: Жымыңдаған жұлдызды түнгі аспан, жарығы сөнбеген бір үй бейнеленген сурет ұсынылады.
Мұғалімдер топта талқылап, ойларымен бөліседі.
Талдау: Түн. Айнала жым-жырт. Аспанда жымындаған жұлдыздар, ел ұйқыда, бірақ ояу бір кісі бар. Ол – мұғлім. Ол қанша жыл мұғалім болғанымен, жұмыста да, үйде де ертеңгі сабағына үлкен жауапкершілікпен дайындалып келеді. Құрметті әріптестер, менімен келісесіздерме? Себебі не деп ойлайсыздар? Керемет, жарайсыздар!
«Суреттен не байқадыңыз?» жаттығуы:
- Ай
- Ақ түсті келбет
- Қара түсті келбет
Суреттен нені байқадыңыз? (Психологиялық тест) Cуретке қарап, ойланбастан ненің бейнесін байқағаныңызды айтыңыз. Соған байланысты сіздің мінезіңізді анықтауға болады. Көрген суретіңізге сәйкес сипаттаманы оқып берейін, өзіңіз жайлы жаңа сырлар ашыңыз.
Сонымен бұл суреттен сіз мына бейнелерді байқай аласыз:
АЙ
Суреттен бірден жаңа туылған айдың бейнесін байқағандарды аса мұқият деп айтуға болмайды. Сіз қызуқандысыз, ойыңызды бірден айта саласыз. Кез келген мәселенің көзге түсіп тұрған жақтарын байқап, әрі қарай зерттемегенді жөн санайсыз. Бұл сіздің ылғи асығыс болуыңызға байланысты. Болашақта асықпай, мәселенің мән-жайын түсініп алып, шешім жасауға үйреніңіз.
АҚ ТҮСТІ КЕЛБЕТ
Ай емес, адамның ақ түсті бетін байқаған кісінің қиялы жақсы дамыған. Сіз күнделікті үйреншікті шаруаларға креативті қарап, әр күніңізді түрліше өткізуге тырысасыз. Есесіне шаршататын бірсарынды жұмыстан қашасыз.
ҚАРА ТҮСТІ КЕЛБЕТ Бұл суреттен қара түсті бетті байқай алатындар аз. Егер сіз бірден суреттен қара түсті бетті байқаған болсаңыз, өзіңізді ерекше тұлға деп санай беріңіз. Сіз басқаларға қарағанда ұсақ-түйектердің барлығын байқайсыз. Шығармашылыққа жақын, рухани құндылықтарды бірінші орынға қоятын жансыз.
«Аппликация» жаттығуы: әр топ өздері таңдап алған түрлі-түсті қағаздар плакатқа жабыстыру арқылы белгілі бір сюжетті құрастырады.
Мына бөліп қойған түстерді топ басшыларыңыз таңдауға болады.
1-топ қызыл, жасыл түсті қағаздар таңдады. Бұл топ қалампыр гүлін жасады.
2-топ көк, сары түсті қағаздарды таңдады. Бұл топ Қазақстан Республикасының Туын жасады.
3-топ көк, сары түсіті қағадарды таңдады. Бұл топ теңізде жүзіп бара жатқан желкенді қайық бейнесін жасады.
Топ басылары неліктен осы сюжеттерді таңдағанын бойынша өз ойларын жеткізеді.
Қорытынды сөз:
1-топқа Рахмет сіздерге. Гүлді кімге сыйлар едіңіздер? Сіздің шәкірттеріңіз, сізден алған білімі мен тәрбиесінің арқасында Отанымызды сүйетін патриоттар болып, осы гүл сияқты құлпырып өсе берсін деп тілеймін!
2-топқа Керемет! Сіздің шәкірттеріңіз, еңбектеріңізді ақтап, егеменді еліміздің білімді ұрпағы болып, тілімізді, дінімізді құрметтей білетін, еліміздің туын биікке көтеретін патриот болуына шын жүректен тілектеспін!
3-топқа Жарайсыздар, тамаша! «Білім –теңіз, мектеп – кеме» демекші, сіздердің шәкіттеріңіз, сіздер берген біліміңіздің арқасында, осы кемедей асулардан тосқауылсыз өтіп, теңіздің шетіне, яғни білімнің шыңына қиындықсыз жетсін деген ақ тілегімді білдіремін!
«Жұбыңды тап» жаттығуы: Қағазға жасырылған нәрсені мимика арқылы түсіндіріп, жұбын табу.
Қатысушылар 2 топ болып бөлінеді. Тапсырмалар: жігіт пен қыз, ине мен жіп, қолшатыр мен жаңбыр, ана мен бала, нан мен май т.б.
Рефлексия: «Ашығын айтсам»
1. Бүгінгі тренинг сіздерге ұнады ма?
2. Тренингтен қандай әсер алдыңыз?
3. Тренингтен кейінгі көңіл-күйіңіз қандай?
Қорытынды сөз: Жүректен шыққан сөз жүрекке жол табады. Жылы сөз адамдарды достастырады, сабырлы болуға, денсаулығын сақтауға, көңілін көтеруге ашуын қайтаруға септігін тигізеді. Әр айтылған сөзді адам жүрегімен қабылдайды. Сондықтан қолдан келгенше, бір-біріңізге жылы, жақсы сөздер айтып жүріңіздер. Шеңберге тұрып, қолымыздағы жүректі үлестіру арқылы бір-біріңізге жақсы тілектер тілеңіздер.
Адам өмірде екі нәрсемен қартаймайды, біріншісі – қайырымды ісі, екіншісі – жүректен шыққан жылы сөзі. Әрқашанда бір-бірімізге жылы сөздер айтып, бір-бірімізге қайырымды болайық. Мейірімді болса жүрек – орындалар тілек.