Кажикова Раушан Естаевна,
мектеп психологы
1. Баланы жаймен оятыңыз, ол оянғанда сіздің жағымды жымиысыңызды көріп, дауысыңызды естісін.
2. Асықтырмаңыз, үлгере алмаса оған бала кінәлі емес, уақытты есептеу сіздің міндетіңізде.
3. Баланы таңғы ас ішпестен мектепке жібермеңіз: мектепте тамақтанғанша ол біраз жұмыс атқаратынын ұмытпаңыз.
4. Сабаққа кетерде «тентек болма», «өзіңді дұрыс ұста», «нашар баға алушы болма» деген сөздерді айтпаңыз. Оған табыс тілеңіз, жағымды сөздер айтыңыз.
5. Баланы мектептен кейін жағымды көңіл-күймен қарсы алыңыз, көп сұрақ қоймаңыз. Егер бала өз сезімдерімен бөліскісі келсе, немесе ашулы болса, оны тыңдаңыз, кейінге қалдырмаңыз, ол үшін көп уақыт керек емес.
6. Егер бала көңілсіз келсе, бірақ үндемесе, мазасын алмаңыз.Қалпына келген соң, өзі-ақ баяндап береді.
7. Мұғалімнің ескертуін тыңдаған соң, дауласуға асықпаңыз, мұғаліммен арадағы әңгіме баланың қатысуынсыз өткені дұрыс.
8. Мектептен кейін бірден сабаққа отыруға асықтырмаңыз, екі-үш сағат демалыс қажет.
9. Әр сабақты әзірлеген соң, 15-20 минут үзіліс жасаған жөн.
10. Балаға сабағын өзі әзірлеуге мүмкіндік беріңіз, көмек керек болса ғана көмектесіңіз. Қолдау көрсету, мадақтау қажет «Сенің қолыңнан келеді», «Екеуіміз бірігіп ойланайық», «Мен саған көмектесемін» деген сөздерді жиі айтыңыз. Алған бағаларына аса мән бермеңіз.
11. Баламен қарым-қатынаста «Егер сен жақсы оқысаң, онда...» деген шарт қоюдан аулақ болыңыз.
12. Күніне бір рет жарты сағат болса да баламен бірге болуға уақыт табыңыз.
13. Баланың басы ауырса, шаршаса т.б. жағдайларға көңіл аударыңыз.
14. 7-8 жастағы балалар да кешкі ұйқының алдында ертегі тыңдағанды жақсы көретінін ұмытпаңыз. Бұл баланы тыныштандырады, жақсы ұйықтауына көмектеседі.
15. Ұйықтар алдында жағымсыз жағдайлар, ертеңгі бақылау сабақтары туралы айтпаңыз.