Қанапин Серік Аллажарұлы,
тарих пәні мұғалімі
Өзінің туып - өскен жеріңде қаншама тарихи сыр жатыр десеңші. Туған өлке – тұнып тұрған шежіре. Қазақ халқының ұғымында туған жерден қасиетті еш нәрсе жоқ. Біздің Ақмола облысының әр ауылы тек қана табиғатымен емес, сырға толы көне тарихымен де құнды. Ақмола уезінде Қонырқұлжа Құдаймендиннен кейінгі аға сұлтан болған Ыбырай Жайықбаев бұрыңғы атауы Ақпан, қазіргі Ақмешіт елді мекенінде өмір сүрген. Орыс патшасынан алғаш майор, одан кейін полковник шенін алған, орысша сауатты, білімді адам болған деседі.
Өз еліне жасаған көп жақсылықтарының бірі – Орынбор генерал-губернаторына хат жазып, келісімін алып, туған жерінде мешіт – медіресе ашқан. Бұл медіреседе дін оқуымен қатар, жартылыстану, шеберлікке баулу сабақтары да жүрген. Оқытушыларды, білім алушы шәкірттерді өз қаражатымен қаржыландырған. Аға сұлтандығымен бірге Ыбырай Жайықбаев Ақмола уезінің атынан елшілік қызмет атқарып, орыс – қытай қарым – қатынасын реттеу үшін Қытайда бір қыс тұрған. Аға сұлтанның бұл еңбегі Ресей тарапынан жоғары бағаланды.
Ресей императоры Александр II-нің әмірімен патша полковнигі Ыбырай Жайықбайұлының мәңгілік жекеменшігі ретінде пайдалануы үшін 3000 десятина жер пайдалануға беріледі. Ресей имперясының сол кездегі құжаттарына сәйкес аға сұлтанның өзі және ұрпақтары Дворяндар әулеті ретінде танылу құқығына ие болды. Есіл өзені жағасындағы (қазіргі Целиноград ауданына қарасты. Луговой – Покровка) жерінен бастап, Астрахан ауданына қарасты біраз жерлер аға сұлтанның ұрпақтарына тиесілі екені заң жүзінде бекітіліп берілген. Бұл Ресей императорының атымен заңдастырылып берілген жердің картасы мұражайда сақтаулы тұр.
Кезінде Қазақстан үкімет басшыларының бірі болған Ниязбеков Сабыр, осы әулеттен шыққан. Родина кеңшарынан әрірек Зелёный Гай елді мекенінде кешегі тың игеру кезінде жермен-жексен етілген Ыбырай Жайықбаевтің өзі, туған-туысқандары жерленген жерге аға сұлтанның ұрпақтары кейін ескерткіш белгі қойды. Ұрпақтарының алға қойған ендігі міндеттері сол жерге кесене салу. Ақмешіт – бұрынғы атауы Покровка жерінде Ыбырай Жайықбаевтің мешіт-медресе салғызған орны да сақталған, ол жерде де ескерткіш тақта қойылса құба – құп болар еді.